Адам баласы өмірге келген
күннен бастап еңбекпен тығыз байланыста болады. Себебі, шыр етіп өмір есігін
ашқан сәттен бастап ана сүтін емудің өзі еңбекке жатады. Еңбек дегеніміз
бойымыздағы энергия, яғни күшіміз, осы күшті пайдаланудың өзі еңбек. Адамдар еңбек
ету арқылы көптеген жетістіктерге жетеді. Күнделікті ішіп-жейтін тамағының,
киетін киімінің өзі еңбекпен келеді. Мысалы: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның
тіленбей» дегендей, жерге дән сеуіп, оны күтіп баптап өсіреді. Базарға апарып
сатып, ақшасына тамақ, киім алады.
Балалардың еңбегі туралы айтатын болсақ,
күнделікті өмірде кездесетін көзге көріне бермейтін, өзіміз мән бермейтін
қарапайым еңбек түрлері өте көп. Мысалы, 2-3 жастағы баланың өздігінен тамағын
ішіп-жеуі, ойыншығын, киімін жинауының өзі олар үшін үлкен еңбек. Баланың
өз-өзіне қызмет қыла білуінің өзі еңбекке жатады. Еңбекке баулу арқылы баланың
есте сақтау, көру, сезіну қабілеттері арта түседі. Мысалы, шұлығын, қолғабын,
бас киімін, көйлегін киетін кезде оны қай жерге киетінін, ойлау, көру, есте
сақтау қабілеттері арқылы жасалады.
Баланың әр жасаған еңбегін, қылығын мақтап отыру
қажет. Мысалы, «Ой, жарайсың, бәрекелді, өте жақсы, керемет» деген сөздер
баланың еңбек етуге деген қызығушылығын оятады.
Баланы ойын арқылы да еңбекке баулуға болады.
Баланың ойынына аса мән беру керек. Педагог А.С.Макаренко айтқандай, бала ойын
кезінде қандай болса, кейін есейгенде жұмыс орнында да сондай болады.
Сондықтан, бала кезінде ойнаған кезде оны қадағалап, ойынына мән беру керек.
Егер дұрыс емес екеніне көз жеткізсеңіз, дұрыс жолға бағыттау керек. Бала ойын
ойнағанда үлкендерден немесе теледидардан көргендерін қайталайды. Өйткені, ойын
кезіндегі іс-әрекеті, қимыл-қозғалысы бәрі өз отбасында көрген-білгендерінің
айқын дәлелі. Баланың ойыны арқылы отбасындағы беріп жатқан тәрбиенің қандай
екенін аңғаруға болады және қандай мамандық иесі екенін білуге болады.
Сондықтан, баланың көзінше артық сөз, артық қимыл жасаудың қажеті жоқ. Балаға
ата-ана жақсы жағынан көрінуі қажет. Сондай-ақ, баланы еңбекке баулу – адамгершілікке,
мейірімділікке тәрбиелеу болып есептеледі. Мысалы, жерде жатқан нанды алып
қоюы, киімін күтіп киюі – бәрі адамгершілік, үлкендердің еңбегін сыйлағаны
болып есептеледі.
Баланы еңбекке баулуда ата-аналар мен
тәрбиешілер мына жайттарды есте тұтаны абзал: Балалардың еңбекке деген дұрыс
көзқарасын қалыптастыру, өз-өздеріне қызмет етуге үйрету, бір-біріне кедергі
жасамай еңбек етуге үйрету; Ойнап болған соң ойыншықтарын орын-орнына жинауға
тәрбиелеу; Балаларды балабақшадағы еңбек жұмыстарына араластыру, ойын
бұрышындағы кезекшілікті атқаруға үйрету; Үлкендердің көмегімен гүл-дерді
суару, ағаштарға су құю, оқу құралдарын тарату, ас ішу кезінде тәрелке,
қасықтарды қойып шығу сияқты жұмыстарды үйрету; Үлкендердің ең-бегінің және
еңбектің қажеттілігі жөнінде түсінік беру; Балаларды алдына мақсат қоя білуге,
оған жетуге үйрету, жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру;
Арнайы жабдықтарды дұрыс пайдалану, қадірлеу,
қайта орнына қою, бір-біріне көмек көрсетуге тәрбиелеу; Балаларды жұмысты
бастап, оны аяғына дейін жеткізуге тәрбиелеу; Балабақшадағы еңбек жұмыстарына
қатыстыру, ұжымдық еңбекке үйрету; Ертегі, әңгімелерді кейіпкерлер арқылы
«Еңбек түбі – зейнет» екенін түсіндіру; Үлкендер еңбегін құрметтеуге баулу,
мысалы, «Бір уыс мақта», «Бұзау бақтым», «Көйлекті маған кім берді?», «Қайдан
келдің, бауырсақ?» секілді әңгімелер арқылы барлық заттардың еңбекпен
келетіндігін түсіндіру;
Балаларды еңбек түрлерімен және кәсіптермен
таныстыру; Ұжымдық еңбекті татулықпен ұйымдастырып атқаруға үйрету; Еңбектің әр
түріне баланың қызығушылығын ояту, ұжымда еңбек етуде белсенділік,
ынта-ықыласын көрсетуді қолдау; Өз қолымен жасаған еңбегіне қуаныш, мақтаныш
сезімін тудыру; Еңбекке қызығушылығын тәрбиелеп жағымды көзқарас тудыру;
Еңбек етуге жат қылықтар: еріншектік, жалқаулық,
шалағайлық, ұқыпсыздықтан жиренуге баулу, яғни оларға жол бермеуге тәрбиелеу;
Бақыт адамға еңбек арқылы келетінін ұғындыру.
Гүл өсірсең терлеп,
Бұның аты – еңбек.
Кесте тіксең зерлеп,
Бұның аты – еңбек.
Қиындықтың бәрін
Еңбек қана жеңбек, – деген өлең жолдарын айта
отырып, болашақ біздің ізбасарларымыз – жас жеткіншектерге «Еңбек түбі –
береке», «Еңбек ер атандырады», «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті»
екенін айтқым келеді.